Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 қазан 2026, сенбі USD 453,9 EUR 508,7 RUB 5,35 CNY 67,8 Астана +10° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ресейдегі Яндекс деректер орталықтары дрон шабуылына ұшырады

Ресейде Яндекс компаниясының екі деректер орталығы дрон шабуылына ұшырап, бірқатар интернет қызметінің жұмысында ақаулар тіркелді.

Ресейдегі Яндекс деректер орталықтары дрон шабуылына ұшырады
Сурет: aikyn.kz

Ресейде Яндекс компаниясының екі ірі деректер орталығына дрон шабуылы жасалды. Бір нысанда өрт шығып, жұмысы толық тоқтаса, екіншісінде жабдықтардың бір бөлігі істен шыққан. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Алғашқы шабуыл 7 қазаннан 8 қазанға қараған түні Рязань облысының Сасово қаласында болды. Ұшқышсыз ұшу аппаратының соққысынан кейін деректер орталығында өрт шығып, нысан жұмысын толық тоқтатты. Мұнда ондаған мың сервер орналасқан.

9 қазан күні Калуга облысындағы тағы бір деректер орталығы шабуылға ұшырады. Яндекс компаниясының мәліметінше, нысанның бірнеше бөлігіндегі жабдықтар толық істен шыққан. Екі оқиға кезінде де компания қызметкерлері зардап шекпеген.

Шабуылдардан кейін Ресейдегі бірқатар интернет қызметінде ақаулар тіркелді. Атап айтқанда, жылжымайтын мүлік туралы ақпарат жариялайтын Cian, Litmarket кітап порталы, Ресей теміржолының сайты және басқа да онлайн платформалардың жұмысында қиындықтар туындаған.

Компанияның бұл орталықтары жасанды интеллектіні дамыту үшін де маңызды. Сасоводағы нысанда Яндекстің үш суперкомпьютерінің екеуі орналасқан. Олар YandexGPT жасанды интеллект моделін үйретуге пайдаланылады. Десе де компания аталған жабдықтардың зақымданғанын әзірге растаған жоқ.

Оқиғалар қаржы нарығына да әсер етті. Reuters мәліметінше, 9 қазанда Мәскеу биржасында Яндекс акцияларының бағасы 4 пайыздан астам төмендеген.

Компания өкілдері істен шыққан жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Дегенмен жабдықтардың қаншалықты зақымданғаны әлі толық анықталмағандықтан, деректер орталықтарының қашан қайта іске қосылатыны белгісіз.

Украина президенті Владимир Зеленский Калугадағы деректер орталығына жасалған шабуылды растады. Оның айтуынша, бұл Ресейдің Украинадағы деректер орталықтары мен байланыс инфрақұрылымына жасаған соққыларына жауап болған.

Яндекстің Ресейде бес ірі деректер орталығы бар. Екі күн ішінде олардың екеуі шабуылға ұшырады. Компания миллиондаған адам күнделікті пайдаланатын қызметтерді тұрақты жұмыс істетуге күш салып жатқанын мәлімдеді.