Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев БРИКС отырысында жаһандық экономиканың 22 триллион доллар шығынын атады

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі «аутрич»/«БРИКС плюс» пленарлық отырысында сөз сөйлеп, жаһандық экономиканың 22 триллион доллар шығынын атады.

Тоқаев БРИКС отырысында жаһандық экономиканың 22 триллион доллар шығынын атады
Сурет: aikyn.kz

Нью-Делиде өткен «аутрич»/«БРИКС плюс» пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналды.

Сурет: aikyn.kz

Президент Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге қонақжайлық үшін және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Сурет: aikyn.kz

«Біздің кездесуіміз Үндістанның бірегей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде „Адамзат – бәрінен маңызды“ қағидасына негізделген және халықтардың мүддесін көздейтін күн тәртібі аса өзекті. БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет: aikyn.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, әлем халқының жартысына жуығын құрайтын және жаһандық ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен қатар бұл құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.

«Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын „Жаппай жікке бөліну“ деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті», – деді Мемлекет басшысы.