Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Түркістан облысында азаматтардың өтініштері жедел қаралды

Түркістан облысында азаматтардың өтініштері жедел қаралды
Сурет: aikyn.kz

Түркістан облысында «Әділет» партиясының филиалы ұйымдастырған қабылдау барысында азаматтардың денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласындағы мәселелері талқыланды. Қабылдауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Архаров және облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева қатысты.

Азаматтар «Ақзере» емханасы дәрігерлерінің жұмысына қатысты шағымдарды, Сайрам аудандық орталық ауруханасы қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасы мен жұмысындағы салғырттықты, сондай-ақ мүгедектік тобын белгілеуге байланысты мәселелерді көтерді. Олардың қатарында эпилепсия диагнозы қойылған баласына мүгедектік тобын рәсімдеу және белгіленген ІІ топтағы мүгедектікті І топқа ауыстыру жөніндегі өтініштер айтылды.

Түлкібас ауданына қатысты да бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Атап айтқанда, Түлкібас аудандық орталық ауруханасына қарасты Састөбе бөлімшесін жөндеу немесе жаңа аурухана салу қажеттілігі жайы қаралды. Бұдан бөлек, Састөбе ауылындағы емханада офтальмолог, невропатолог, рентгенолог, окулист, гинеколог және басқа да бейінді мамандардың тапшылығы сөз болып, тиісті штаттық бірліктер қарастыру мәселесі көтерілді.

Қабылдау барысында медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәселе де жедел қаралды. Облыстық клиникалық аурухананың гинекология бөліміне шұғыл консультация мен УДЗ-ге жолдама қажет екенін айтқан тұрғынның мәселесін шешу үшін Сарыағаш ауданының бас дәрігерімен онлайн байланыс орнатылып, тиісті шара қабылдау жөнінде нақтылау жүргізілді.

Қабылдау барысында азаматтардың әрбір өтініші жеке қаралып, мәселелерді қағаз жүзінде ғана тіркеп қоюмен шектелмей, сол сәтте зерделеуге басымдық берілді. Қажет болған жағдайда аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен онлайн байланысқа шығып, жағдайды нақтылау және мәселенің оңтайлы шешімін табу бойынша жұмыс жүргізілді.

«Әділет» партиясы үшін халықтың мұң-мұқтажын тыңдау ғана емес, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ету – негізгі міндеттің бірі.