Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ақмола облысында жылқышы 70 млн теңге шығын келтірді

Ақмола облысында жылқышы 34 азаматтың 150 бас малын жымқырып, 70 миллион теңгеден астам шығын келтірді. Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Ақмола облысында жылқышы 70 млн теңге шығын келтірді
Сурет: aikyn.kz

Ақмола облысында жылқышы болып жұмыс істеген азамат 34 тұрғынның 150 бас малын жымқырып, 70 миллион теңгеден астам шығын келтірді. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот отырысында анықталғандай, Г. есімді азамат 34 тұрғынмен жылқы бағуға ауызша келісім жасасқан. Мал иелері оған төрт түлігін сеніп тапсырып, ақы төлеп отырған. Жылқышы малдың сақталуына жауап беруге және материалдық жауапкершілік алуға міндеттенген.

Алайда 2021-2025 жылдар аралығында ол сенімді теріс пайдаланған. Тергеу барысында Г.-ның 150 бас малды, оның ішінде бие, тай, айғыр, құлын және 10 бас ұсақ малды иемденіп, талан-таражға салғаны анықталды. Жоғалған малдың барлығы 34 азаматқа тиесілі болған.

Жылқышы жоғалған малдың ізін жасыру үшін бір иесінің жоғалған жылқысының орнына басқа азаматтың малын беріп отырған. Осылайша мал иелерінің алдындағы кемшілікті уақытша жауып, біреудің жылқысын екіншісіне таратып отырған. Нәтижесінде келтірілген жалпы материалдық шығын 70 миллион теңгеден асып кеткен.

Сонымен қатар ол үйірге айғыр сатып алуға қаражат жиналып жатқаны туралы жалған ақпарат айтып, жылқы иелерінен ақша жинаған. Сенім білдірген бес азамат оған қаражат аударған. Алайда Г. жиналған ақшаны өз қалауынша жұмсап, бес адамға жалпы сомасы 40 мың теңге шығын келтірген.

«Осы әрекеттері үшін Г. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарында көзделген бірнеше рет, ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ысырап ету және жымқыру, сондай-ақ 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағында көрсетілген алаяқтық жасағаны үшін сот алдында жауап берді», — дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Сот үкім шығарған кезде сотталушының асырауында төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң қолданылып, Г.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды. Сот шешімімен Г.-дан жәбірленушілердің пайдасына 70 млн теңгеден асатын қаражат өндірілетін болды. Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.