Орталық Азияда ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасына қарсы өңірлік стратегия талқыланды
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Орталық Азиядағы ұсақ күйіс қайыратын жануарлар обасына (ҰКЖО) қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік стратегияны валидациялауға және эписистемаларға арналған өңірлік семинар өтті. Үш күндік шара Seifullin University Агротехнопаркінің Ситуациялық орталығында ұйымдастырылды.

Семинарға БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО), Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) өкілдері, халықаралық сарапшылар, мемлекеттік және ветеринариялық қызметтер мен бейінді ұйымдардың мамандары қатысты.

Іс-шараны ашқан университеттің Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі жөніндегі проректоры Сәрсенбай Абдрахманов ҰКЖО ветеринария саласымен шектелмейтінін, ол мал шаруашылығының тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды қауіптердің бірі екенін атап өтті.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы аппаратының басшысы Азамат Бердібай қатысушыларға алғы сөзін арнап, ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін елдер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде ФАО-ның Қазақстандағы бағдарламалар үйлестірушісі Жаңыл Бозаева өңірлік өзара іс-қимыл мен ҰКЖО-ның таралуын болдырмауға және оны кезең-кезеңімен жоюға бағытталған бірлескен жұмыстың ойдағыдай жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Семинардың негізгі мақсаты – эписистемалық тәсілді тәжірибеде қолдану және Орталық Азиядағы ҰКЖО-ны жою жөніндегі Өңірлік стратегияны техникалық тұрғыда валидациялау. Басты назар өзара байланысты эписистемаларды айқындауға, эпидемиологиялық қадағалау мен зертханалық диагностиканы жетілдіруге, вакцинация, деректер алмасу, трансшекаралық үйлестіру және бірлескен жоспарлау мәселелеріне аударылды.
Үш күн бойы халықаралық сарапшылар, ФАО, АҚИҰ және мемлекеттік органдардың өкілдері Агротехнопарк базасында жұмыс істеді. Бағдарлама аясында елдік таныстырылымдар, сараптамалық сессиялар және жұмыс топтарының кездесулері өтті. Қатысушылар өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды, ауыл шаруашылығы жануарларының қозғалысы мен жабайы фаунаның ауру таралуындағы рөлін, сондай-ақ эпидемиологиялық қадағалау мен диагностика мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жеке жұмыс блогы ҰКЖО жөніндегі Өңірлік стратегия жобасын валидациялауға арналды. Сарапшылар жол картасын, басым эписистемаларды, вакцинация тетіктерін және трансшекаралық өзара іс-қимылды қарастырып, болашақ өңірлік жобаның негізгі бағыттарын айқындады.
Семинардың қорытынды күні стратегиядан нақты іс-қимылдарға көшу мәселелеріне арналды. Қатысушылар ұлттық және өңірлік деңгейдегі келесі қадамдарды, әріптестік мүмкіндіктерін және одан әрі үйлестіру тетіктерін талқылап, ортақ тұжырымға келді.
ҚАТЗУ алаңында өткен бұл семинар ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық сараптамалық диалогты нығайтуға, Орталық Азиядағы мал шаруашылығын қорғау мен аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағытталған ортақ шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.




