Үнзила Шапақ: Жаңа Регламент депутаттық сауалдың нәтижесін бақылауды күшейтеді
Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ жаңа Регламентте депутаттық сауалдардың нәтижелілігін арттыратын тетіктер бар екенін айтты.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ брифингте журналистердің сұрақтарына жауап беріп, жаңа Регламентте депутаттық сауалдардың тиімділігін арттыратын бірқатар тетік қарастырылғанын мәлімдеді.
Журналистер депутаттан: «Депутаттар жиі өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдайды. Алайда одан кейін Үкімет тарапынан қандай жұмыс жүргізіліп, қандай нақты шара қабылданғанын көре бермейміз. Жаңа Регламентте мемлекеттік органдарды депутаттық сауалдарға жауап ретінде нақты шаралар қабылдауға міндеттейтін тетіктер қарастырылған ба?» деп сұрады.
Үнзила Шапақтың айтуынша, жаңа Регламент депутаттық сауалды формалды құрал ретінде қалдырмай, оның нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін бірнеше тетікті ұсынады. Сауал жолданған лауазымды тұлға бір ай ішінде жауап беруге міндетті. Егер депутат жауапты толық емес немесе жеткіліксіз деп санаса, лауазымды тұлғаны Құрылтайға шақырып, мәселені жария түрде талқылай алады. Мұндай талқылау кезінде өзге депутаттар да қосымша сұрақтар қоюға құқылы.
Депутат сауал жолданбас бұрын мәселе жан-жақты зерделенетінін де атап өтті. Фракциялар көтерілетін тақырыптарды алдын ала талқылап, оның негізділігі мен дәйектерін қарайды.
«Депутаттық сауалды мәселені аяғына дейін жеткізіп, мемлекеттік органдармен ықпалдасып жұмыс істеудің тетігі ретінде қарастырамыз. Бұл – Құрылтай бақылауын күшейтетін механизм», – деді Үнзила Шапақ.




