Депутат 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салуды ұсынды
«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов бүгінгі Құрылтай отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, онда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.
Депутат әлеуметтік желіні баланың бос уақытын өткізетін орта ретінде ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін фактор ретінде сипаттады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айрықша атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады», – деді ол.
Бұл мәселе сайлаушылармен кездесулерде де жиі көтерілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген (HBSC) зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтып, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланушылардың үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскенін көрсетті. Бұл – мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты.
2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесінде, Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60 пайызы және 11–12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде аккаунттары тіркелген. Ал, балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз. Бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын, алайда ата-ана тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді, – деді Жанарбек Әшімжанов.




