Құрылтай регламенті: Үкіметпен және Халық Кеңесімен жұмыс тәртібі бекітіледі
Бүгін Астанада Құрылтай отырысы өтеді. Оның күн тәртібінде алдағы бес жылда Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылды реттейтін құжатты қабылдау тұр.
Аталған регламент жобасы 7 қыркүйекте Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында талқыланған. Құжат Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес әзірленген.
Регламент депутаттар қызметін нақты құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді. Онда парламентаризм саласында жинақталған тәжірибе, бір палаталы модель ерекшеліктері және конституциялық өкілеттіктердің жаңа жүйесі ескерілген. Сондай-ақ тұрақты комитеттер жұмысын ұйымдастыру, заң жобаларын қараудың бірыңғай үш кезеңді моделі мен сараланған мерзімдері, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен кешенді өзара іс-қимыл мәселелері қамтылған.
Бұған дейін Құрылтай БАҚ өкілдерін аккредиттеу қағидаларын бекіткен. Оған сәйкес Құрылтайдың, тұрақты комитеттердің, депутаттық топтардың және депутаттардың қызметін жариялау үшін тұрақты жұмыс істейтін журналистерге, сондай-ақ жекелеген тапсырмаларды орындайтын БАҚ өкілдеріне тұрақты және уақытша аккредиттеу жүргізіледі.
Аккредиттелген журналист мына жағдайларда аккредиттеуден айырылады:
- БАҚ бас редакторының және (немесе) меншік иесінің тұрақты аккредиттеуден айыру туралы өтініші;
- журналист таратқан, аккредиттеуші ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді шындыққа сай келмейді деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
- БАҚ өнімін таратуды не шығарылымын тоқтата тұру не тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
- Құрылтай іс-шараларының бекітілген Қағидаларын, Регламентін, журналистердің кәсіби және әдептік мінез-құлық нормаларын, өткізу режимі мен объектішілік режим талаптарын, сондай-ақ еңбек тәртібі ережелерін екі және одан көп рет бұзуы.
Тұрақты аккредиттеуден айыру алты ай мерзімге жүзеге асырылады.
Бұған дейін өткен Құрылтайдың алғашқы отырысында жаңадан сайланған депутаттар ант беріп, заң шығарушы орган төрағасының 3 орынбасары сайланды. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 11-бабына сәйкес Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай өзінің орынбасарлары лауазымына Нұрлан Бекназаровтың, Дания Еспаеваның және Динара Зәкиеваның кандидатураларын ұсынып, олар депутаттар тарабынан қолдау тапты.
Құрылтайда құрылған сегіз тұрақты комитетке төрағалар сайланды: Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетіне Серік Егізбаев; Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Үнзила Шапақ; Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Марат Қожаев; Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетіне Әмірбек Оспанбеков; Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Асхат Аймағамбетов; Қаржы және бюджет комитетіне Ольга Перепечина; Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетіне Дархан Ахмедиев; Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетіне Наталья Годунова.
Бір тұрақты комитеттің төрағасы Құрылтай оппозициясынан сайлануы тиіс еді. Осыған орай көпшілік және оппозицияға кіретін саяси партиялар фракциялары басшыларының консультациялары өтті. Бірлескен шешімге сәйкес, Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы оппозициядан ұсынылып, қалған комитет төрағалары көпшіліктен, яғни Әділет партиясының фракциясынан сайланып отыр.




