Ветеринария зертханасы қызметкерлерінің жалақысы 26%-ға өсті
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Республикалық ветеринариялық зертхана мамандарының еңбекақысы 26 пайызға көтерілді. Бұл ветеринария саласын дамытуға арналған кешенді жоспар аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір нәтижесі.
Саланы жетілдіру, еңбек жағдайларын жақсарту және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Жалақыны арттыру қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, ветеринарияның тартымдылығын арттыруға, білікті мамандарды ұстап қалуға және жаңа кадрларды тартуға жағдай жасайды.
Алдағы уақытта ветеринариялық қызметтің басқа да бөлімшелері қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жағдайларын кезең-кезеңімен жақсарту мүмкіндіктері қарастырылады. Сала мамандарының еңбек жағдайларын жетілдіру және әлеуметтік қорғалуын арттыру жұмыстары жалғасады.




