Абай облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алуда
Абай облысында 2025 жылы 337,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2026 жылға 348,8 мың шаршы метр жоспарланған.
Абай облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 337,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 105,8 пайызды құрады. Бұл туралы Абай облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ерсін Кенжебекұлы мәлімдеді.
2026 жылға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті облыс бойынша 348,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын белгіледі. Жоспар орындалса, өсім 103,3 пайызға жетпек.
2026 жылдың қаңтар–шілде айларында облыста 138,489 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызға жоғары.
Абай облысы құрылғаннан бері бюджет қаражаты есебінен 48 көппәтерлі және 1 381 екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 92 көппәтерлі тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды.
Тұрғын үй кезегінде шамамен 33 мың адам тұр, оның 22 мыңға жуығы Семей қаласында. Бұл құрылыс қарқынын одан әрі арттыру қажеттігін көрсетеді.
2025 жылы әлеуметтік осал азаматтарды баспанамен қамтуға республикалық бюджеттен 2,122 млрд теңге, аудандық бюджеттерді кредиттеу тетігі арқылы 16,133 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 1 097 жалға берілетін пәтер сатып алынды.
2026 жылы осы санаттағы азаматтарға тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 2,122 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 9,4 млрд теңге қаражат тарту көзделуде. Жыл соңына дейін шамамен 700 пәтер сатып алу жоспарланған.
Абай облысы құрылғаннан бері өңірде 89 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді: білім саласында – 8, денсаулық сақтауда – 67, спортта – 7, мәдениетте – 4, әлеуметтік қамтамасыз етуде – 3 нысан.
«Әділет» партиясының алдағы бес жылға арналған жеті мақсатының алғашқысы – әр отбасыға барынша жайлы тұрғын үй жағдайын жасау. Бұл ұстаным тұрғын үй қорын озық қарқынмен өсіруді, тозған және апатты үйлерден ондаған мың отбасын көшіруді, қиындыққа тап болған үлестік құрылыс нысандарын аяқтауды талап етеді.




