Атырауда бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен кездесулер өтті
Атырау облысында бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен кездесулер өтіп, олардың қызметін жүйелеу және белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.
Атырау облысында бірқатар бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен басқосулар ұйымдастырылды. Жиындар Атырау қаласы мен Исатай, Жылыой аудандарындағы «Үркер», «Алмалы ауылдық клубы», «Забурын», «Қара Арна» және «Денсаулық» сияқты бастауыш партия ұйымдарының өкілдерін біріктірді.

Кездесулерде бастауыш партия ұйымдарының қызметін жүйелі түрде ұйымдастыру, мүшелердің белсенділігін арттыру, жаңа бастамаларды қолдау және партиялық жобаларды жергілікті деңгейде тиімді іске асыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, алдағы жұмыс бағыттары бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ жиындарда бастауыш ұйымдардың партия мен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы және тұрғындардың үнін жеткізудегі маңызды рөлі атап өтілді. Алдағы уақытта бастауыш ұйымдардың жұмысы жаңа серпінмен жалғасып, партия қатары жаңа мүшелермен толыға түспек.




