Қобда ауылындағы өрттен 31 жастағы әйел қаза тапты
Ақтөбе облысының Қобда ауылында тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан 31 жастағы әйел қаза тапты.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға Қобда ауданындағы Щербаков көшесіндегі тұрғын үйде болған.
Өрт үйдің бөлмесі мен шатырын шарпып, жалпы аумағы 96 шаршы метрге тараған. Өртті сөндіру кезінде 1995 жылы туған әйелдің денесі табылған.
Оқиға орнына ТЖД қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадасы және полиция жұмылдырылды.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт толық сөндірілген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.




