GPT-6 Astra: OpenAI-дың жаңа моделі AGI дәуірін бастай ма?
OpenAI GPT-6 Astra моделін таныстырды. Жаңа модель компьютерді басқаруда жоғары нәтиже көрсетіп, AGI дәуірінің басталуы мүмкіндігін туғызды.
OpenAI 3 қыркүйекте GPT-6 Astra моделін таныстырды. Компания бұл модельді өзінің ең интеллектуалды және қауіпсіздік талаптарына барынша сай келетін жобасы деп атады. Astra компьютерді басқару, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, ғылыми зерттеулер және кәсіби міндеттерді орындауда айтарлықтай нәтиже көрсеткен.
Жаңа модельдің басты ерекшелігі – компьютерлік ортада өздігінен әрекет ету қабілетінің артуы. Astra онлайн формаларды толтырып, күнтізбені реттеп, зерттеу жүргізіп, электрондық пошта немесе құжат редакторында мәтін дайындай алады. Ол ғылыми деректерді талдап, графиктер жасайды, код жазып, оны орнатып, тексереді.
OpenAI деректеріне сәйкес, компьютерді пайдалану тапсырмаларын орындау жылдамдығы айтарлықтай өскен. OSWorld 2.0 сынағында Astra тапсырманы орта есеппен 40 минутта орындап, 72,6% нәтиже көрсеткен. Ал GPT-5.6 Sol-ға шамамен 75 минут қажет болып, оның көрсеткіші 65,7% болған. Яғни, Astra бұл сынақтағы тапсырмаларды шамамен 47% аз уақытта орындаған.
Модель күрделі, бірнеше кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындап, дайын құжаттар, кестелер, презентациялар мен талдаулар әзірлейді. OpenAI Astra-ның бұрынғы модельдерге қарағанда нұсқаулардың контекстін жақсырақ түсінетінін және күнделікті ұсақ шешімдерді өздігінен қабылдайтынын айтады. Ал салдары маңызды шешімдерде модель пайдаланушының жауабын күтуге тиіс.
Бұл шынымен адаммен теңесетін Жалпы ЖИ ме? Astra-ны таныстыруда жасалған ең үлкен мәлімдеме оның техникалық көрсеткіштерінен де ауқымды болды. Брокман жаңа модельді адамның әртүрлі интеллектуалдық міндеттерді орындау қабілетіне жақындайтын жалпы мақсаттағы жасанды интеллект (AGI) дәуірінің басталуымен байланыстырды. Әзірше, OpenAI Astra-ны ресми түрде «AGI-ге жеттік» деп жариялаған жоқ және соңғы бағалауды пайдаланушыларға қалдырып отыр.
Модель бірқатар күрделі тесте өте жоғары нәтиже көрсеткен. OpenAI жариялаған деректер бойынша, Astra ARC-AGI-3 сынағында 99,9%, FrontierMath Tier 4 тестінде 98% және ExploitBench киберқауіпсіздік сынағында 100% көрсеткішке жеткен. Алайда жеке тестердегі жоғары нәтижелердің өзі AGI-дің пайда болғанын ғылыми тұрғыдан біржақты дәлелдей алмайды.
Astra мүмкіндіктерінің артуы қауіпсіздік мәселесін де алдыңғы қатарға шығарды. Reuters мәліметінше, модельдің жұмыс істеу тәсілдерін бақылау барған сайын күрделене түсуде. Қуатты ЖИ жүйелері кей жағдайда мәселені қалай шешкенін жасырады, олардың ішкі әрекетін түсіну де қиын. OpenAI осыған байланысты автоматты түрде жұмысты тоқтату тетіктерін және қосымша қауіпсіздік шараларын зерттеу үстінде.
Киберқауіпсіздік саласында да шектеулер бар. Astra OpenAI-дің ең жоғары киберқауіп деңгейіне жеткен алғашқы моделі болды. Сондықтан оның ең қуатты кибермүмкіндіктерінің бір бөлігі әзірге сенімді тестілеушілер тобына ғана берілді. GPT-6 Astra уақытша шектеулі ұйымдар тобына ұсынылған. OpenAI алдағы күндері оны ChatGPT Plus, Pro, Business және Enterprise пайдаланушыларына, сондай-ақ API арқылы кезең-кезеңімен қолжетімді етуді жоспарлап отыр.




