Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Enbek.kz: тамызда бос жұмыс орындары 25,8%-ға өсті

Enbek.kz порталында тамыз айында бос жұмыс орындары 25,8%-ға артып, 131,6 мыңға жетті. Жұмыс іздеушілер 145,2 мың түйіндеме орналастырды.

Enbek.kz: тамызда бос жұмыс орындары 25,8%-ға өсті
Сурет: aikyn.kz

Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында қыркүйек айының басынан бері жұмыс берушілердің белсенділігі жоғары деңгейде сақталуда. Тамыз айында жарияланған бос жұмыс орындарының саны шілдемен салыстырғанда 25,8%-ға артып, 131,6 мыңға жеткен. Жұмыс іздеушілер тарапынан 145,2 мың түйіндеме орналастырылған, бұл шілдедегі көрсеткіштен 2,8%-ға жоғары.

Осының нәтижесінде бір айдағы бос жұмыс орындары мен түйіндемелер арасындағы айырмашылық 2,5 еседен астам қысқарған. Шілдеде бұл көрсеткіш 36,6 мың болса, тамызда 13,6 мыңға дейін төмендеген.

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz платформасында барлығы 840,6 мың бос жұмыс орны және 1 022,4 мың түйіндеме орналастырылған.

Тамыз айында ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркелген – 61 мың. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында мамандарға деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, қызмет көрсету, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс салаларында да бос орындар көп болған.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Астана мен Алматыда жарияланған – әр қалада шамамен 10 мыңнан.

Тамыздағы бос жұмыс орындарының 46,6%-ы жоғары білікті мамандарға, 33,1%-ы орта білікті мамандарға, 20,3%-ы төмен білікті жұмысшыларға арналған. Ал жұмыс іздеушілер орналастырған түйіндемелердің 46,5%-ы жоғары білікті, 35,5%-ы орта білікті, 18%-ы төмен білікті мамандарға тиесілі.

Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар басым. 35–44 жастағылардың үлесі – 25,8%, 45–54 жастағылар – 14,6%, ал 55 жастан асқандар – 6,7%. Түйіндемелердің 60,6%-ын әйелдер, 39,4%-ын ерлер орналастырған.

Өткен айда Enbek.kz платформасында 1 млн теңгеден жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындары да болды. Мысалы, тау-кен өндірісіндегі ауысым бастығының жалақысы шамамен 2,06 млн теңге, киберқауіпсіздік маманы 2 млн теңгеге, ал кеніш директорының жалақысы 1,63 млн теңгеге жуық болды. Жалақы бойынша ең жоғары талаптар әкімшілік бөлім басшыларында шамамен 2,02 млн теңге, жаңа өнімдерді әзірлеу жобаларының жетекшілерінде 1,84 млн теңге, сату жөніндегі шеберлерде 1,75 млн теңге деңгейінде тіркелді.

Жалпы, Электрондық еңбек биржасындағы деректер еліміздегі жұмыс күшіне деген сұраныстың салалар, мамандықтар мен өңірлер бойынша кең екенін көрсетеді. Цифрлық платформа жұмыс берушілерге бос жұмыс орындарын жедел жариялауға, ал азаматтарға өз білімі мен тәжірибесіне сәйкес жұмыс табуға мүмкіндік береді.