Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +7° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

БҰҰ әлем картасын ауыстыруды ұсынды: Mercator проекциясы неге сынға ұшырады

БҰҰ 164 мемлекет қолдаған қарарда Mercator картасының орнына Equal Earth проекциясын қолдануға шақырды.

БҰҰ әлем картасын ауыстыруды ұсынды: Mercator проекциясы неге сынға ұшырады
Сурет: aikyn.kz

Біріккен Ұлттар Ұйымы 4 қыркүйекте қабылдаған қарарында XVI ғасырдан бері қолданылып келе жатқан Mercator картасының орнына Equal Earth проекциясын пайдалануға шақырды. Бұл шешімді Того ұсынып, Африка Одағына мүше мемлекеттер қолдаған. Құжатты БҰҰ-ға мүше 164 ел жақтаса, тек АҚШ қарсы дауыс берген. Сербия, Эстония, Грузия, Литва, Молдова және Украина қалыс қалған.

Қарар Mercator картасына тыйым салмайды, оны міндетті түрде ауыстыруды талап етпейді. Құжат тек Equal Earth (Тең Жер) проекциясын қолдануды ынталандырады. Бұл екі картаның басты айырмашылығы құрлықтардың көлемін бейнелеуде көрінеді. Mercator проекциясында Гренландия мен Африка шамалас болып көрінеді, ал шын мәнінде олардың көлемі мүлдем басқа. Equal Earth картасында Африка Гренландиядан шамамен 14 есе үлкен.

«Карталар біздің әлем туралы түсінігімізді қалыптастырады. Олар білім беруге бағыт береді, қиялға әсер етеді және қоғамның ортақ қабылдауын қалыптастырады», – дейді Тогоның сыртқы істер министрі Роберт Дюссе.

Mercator проекциясын XVI ғасырда фламанд картографы Герард Меркатор еуропалық теңізшілердің навигациясын жеңілдету үшін жасаған. Бұл жүйе теңізде бағыт анықтауға қолайлы болғанымен, Жер шарын жазық картаға түсіру кезінде аумақтардың көлемін бұрмалайды. Полюстерге жақын орналасқан Гренландия мен Солтүстік Америка секілді аймақтар шынайы көлемінен әлдеқайда үлкен, ал Африка мен Оңтүстік Америка салыстырмалы түрде кіші болып көрінеді.

2018 жылы жасалған Equal Earth проекциясы, керісінше, құрлықтардың аудандарын бір-біріне қатысты шынайы пропорцияда бейнелейді. Оның жақтастары бұл тәсіл географиялық шындықты дәлірек жеткізеді деп есептейді. Жаңа картаны қолдаған негізгі ұйымдардың бірі Africa No Filter БҰҰ шешімін құптады.

«Біз нақты карталардың мектептерде, оқулықтарда, жаңалық редакцияларында, бизнесте және күн сайын миллиардтаған адам пайдаланатын цифрлық платформаларда болғанын қалаймыз», – деп мәлімдеді ұйым.

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро да шешімнің символдық маңызына назар аударды. «Картаны өзгерту әлемді өзгертпейтіні анық. Бірақ бұрмаланған бейнені түзетудің өзі – шындықты мойындау әрекеті», – дейді ол.

Сиракуз университетінің география профессоры Марк Монмоньенің айтуынша, Mercator проекциясының негізгі артықшылығы навигацияда ғана сақталады. Географтар оны әлем елдерінің салыстырмалы аумағын көрсету үшін пайдалануды жөн санамайды. БҰҰ қарары картографиялық стандарттарды бірден өзгертпейді. Бастаманы қолдаушылар Equal Earth картасының білім беру жүйесінде, БАҚ-та және цифрлық сервистерде кеңінен таралуы Африка мен басқа құрлықтардың әлем картасындағы нақты ауқымын дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді деп үміттенеді.