Астанада 35 жас сарбаз әскер қатарына салтанатты түрде аттанды
Астанада 35 жас сарбаз әскери қызметке салтанатты түрде аттанды. Шараға қала әкімдігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан өкілдері қатысты.
Елордадағы жинау пунктінде 35 астаналық жас сарбазды әскери қызметке шығарып салу рәсімі өтті. Бұл шараға қала әкімдігінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан өкілдері, сондай-ақ Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, ардагерлер мен шақырылушылардың туыстары қатысты.
Жаңа сарбаздар үшін бұл күн ерекше есте қаларлықтай болды. Оларды алда әскери ұжым, жауынгерлік даярлық пен жаңа міндеттер күтіп тұр. Бұл кезең олардың өміріндегі маңызды кезеңге айналмақ.
Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров әскерге аттанушыларға жылы лебізін білдірді: «Бүгін сендер ересек өмірге маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери қызмет сендерді сабырлылыққа, тәртіпке және бір-біріңе қолдау көрсетуге үйретеді. Әскери форманы абыроймен киіп, командирлерің мен қаруластарыңды құрметтеңдер. Әскери міндеттеріңді адал атқарыңдар. Әрқайсың Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеп, үйге шыңдалып, есейіп, жаңа өмірлік тәжірибе жинақтап, аман-есен оралуларыңа тілектеспін».
Шақырылушылардың қатарында Бисен Алимат та бар. Ол үшін әскерге бару – жаңа білім алып, әскери мамандықты меңгеруге және өмірдің маңызды мектебінен өтуге мүмкіндік. «Бұл қадам – мен үшін өте жауапты қадам. Дегенмен, осы жолдан өтуге дайынмын. Әскери мамандықты меңгеріп, тәртіпті әрі шыңдалған азамат болғым келеді. Жақсы достар тапқым келеді. Ең бастысы – Отаным мен отбасым алдындағы әскери борышымды абыроймен өтеу», – деді ол.
Шақырылушының анасы Гүлмира Сәрсенова да осы сәтте тебіреністе екенін жасырмады: «Әр анаға әскерге ұлын шығарып салу оңай емес. Дегенмен мен бүгін ұлыма мақтанышпен қарап тұрмын. Әскери қызметін жақсы өткеріп, мықты әрі жауапты азамат болып оралуына тілектеспін. Ең бастысы – денсаулығын сақтап, үйде оны жақсы көретін және әрдайым күтетін жандар бар екенін ұмытпасын».
Іс-шара соңында Ұлттық ұланның әскери оркестрі мен ансамблі шақырылушылар мен қонақтарға өнер көрсетті. Биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Астанадан Қарулы күштер қатарына 1400 азамат шақырылады деп жоспарлануда.




