Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Астанада ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған тегін оқыту жобасы старт алды

Астанада «Әділет» партиясы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған тегін оқыту жобасын іске қосты.

Астанада ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған тегін оқыту жобасы старт алды
Сурет: aikyn.kz

Астанада «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен «Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» атты инклюзивті жоба іске қосылды. Бұл бастама аясында қатысушылар қолданбалы мамандықтарды тегін меңгеріп, SMM және қаржылық сауаттылық негіздерін үйренеді.

Сурет: aikyn.kz

Алғашқы кезеңде оқыту визажист, шаштараз және маникюр шебері сияқты бағыттар бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, қатысушылар әлеуметтік желілерді жүргізу және қызметтерін ілгерілету дағдыларын меңгереді.

Сурет: aikyn.kz

Ашылу салтанатына Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі параспортшы Айсұлу Сүлейменова қатысып, жобаға қатысушылармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасап, нақты мүмкіндіктер ұсынудың маңыздылығын атап өтті.

Сурет: aikyn.kz

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек білім берумен шектелмейді, оның нәтижесінде қатысушылар жұмысқа орналасу немесе өз бетінше табыс табу мүмкіндігіне ие болады. «Әділет» партиясының Есіл аудандық филиалының басшысы Санира Жүсіпованың айтуынша, оқу қорытындысы бойынша әрбір қатысушыға сертификат табысталады. Олар меңгерген жаңа дағдыларына байланысты жұмысқа орналасып, не болмаса өздігінен табыс таба алады. Жоба білім беруден бастап, кейінгі сүйемелдеуге дейінгі кезеңдерді қамтиды.

Сурет: aikyn.kz

Пилоттық жоба аясында жыл соңына дейін 150 адамды қамту жоспарланған. Бастаманың нәтижесіне қарай оның тәжірибесін еліміздің өзге де өңірлерінде енгізу көзделіп отыр.

Астаналық бойжеткен Айзере Мақсатқызы осы жобаның арқасында жаңа мүмкіндікке қол жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, визажисттік кәсіпті меңгеру оған өзіне деген сенімділік берген. «Сам себе визажист» бағыты бойынша білім беріп жатқан барша жандарға алғысым шексіз! Бұл жай ғана кәсіп емес, өмірге деген құлшынысымды оятып, өзіме деген сенімімді арттыра түсті. Жаңа дағды үйрену арқылы жаңа мүмкіндікке жол ашылды. Бір маған емес, бұл барша қазақстандықтарға берілген мүмкіндік. Сол себепті «Әділет» партиясына, Құрылтай депутаттарына және Айгерім Нұрбекқызына ризашылығымды білдіремін. Осындай игі бастамаларды қолдап, жастардың өз қабілетін дамытуына жол ашып жүргендеріңіз үшін көп рақмет!», – дейді Айзере Мақсатқызы.

Жобаға қатысушылардың тағы бірі Айдана Хаймулдина бұған дейін жұмысқа орналасу мәселесімен партияға жүгінген. Ол жоба туралы естіген бойда қатысуға шешім қабылдағанын айтады. «Жоба жайлы ести салып, бірден оған қатысуға бел будым. Иә, қазір оқып жатырмын. Бұйырса, нәтижесінде өз бетімше табыс табуыма және әрі қарай дамуыма мүмкіндік беретін мамандықты меңгергім келеді», – деді ол.

Ұйымдастырушылар бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуетін ашып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына көмектесетінін жеткізді.