Қазақстанда су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылды
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді.
Елімізде су саласын цифрландыру аясында маңызды қадам жасалды. «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі (СРҰАЖ) енді өнеркәсіптік пайдалануда. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аппарат кеңесінде мәлімдеді.
Жүйенің басты мақсаты – басқару шешімдерін қабылдау үшін бірыңғай әрі сенімді деректер қорын құру. Қазіргі уақытта СРҰАЖ-да 23 мыңнан астам су нысаны туралы ақпарат цифрландырылып, жүйеленген. Атап айтқанда, 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан тіркелген.
Сонымен қатар жүйеге 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы қосылған. Су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілген. Бұдан бөлек, 2,2 мыңнан астам бастапқы су есебі және 1,3 мыңнан астам 2-ТП нысанындағы есеп қабылданған.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе су балансын жүргізуге, су пайдалануды есепке алу мен талдауға, су қоймаларының жай-күйін бақылауға, трансшекаралық су объектілері бойынша деректермен жұмыс істеуге және ғарыштық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Сондай-ақ министрлік су тұтынуды ерте болжау жүйесін тәжірибелік пайдалануға берді. Бұл жүйе каналдар арқылы су беруге электронды келісімшарт жасауға, онлайн төлем жүргізуге және су ресурстарын автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді. Қазір келісімшарт жасасу толығымен электронды форматқа көшірілген, жыл басынан бері шаруалармен 29 мыңнан астам келісім жасалған.




