Атырауда ауаның ластануы бірнеше есе артты, АМӨЗ тексеріледі
Атырауда ауаның ластануы бірнеше есе артқаны анықталды. АМӨЗ-ге кешенді тексеру жүргізіледі, экологтар жаңғырту мерзімін қысқартуды талап етеді.
Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтің мәліметінше, жүргізілген зерттеулер ауадағы ластаушы заттардың рұқсат етілген нормадан бірнеше есе жоғары екенін көрсеткен. Бұл фактілер негізінен түнгі және таңғы уақытта тіркелген, дәл осы кезеңде қала тұрғындары жағымсыз иіске шағымданған.
«Шекті концентрациядан асу фактісі бар. Ол тіркелді. Негізінен мұндай ластану түнгі және таңғы уақытта байқалып отыр. Екі күн жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижесінде кейбір ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есеге жоғары екені анықталды», – деді Асқар Жүсіпов.
Ластану деректері AirKZ қосымшасы мен «Қазгидромет» мәліметтерінде де көрсетілген. Департамент басшысының айтуынша, 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында жел негізінен оңтүстік-шығыс және оңтүстік бағыттан соққан. «Осы бағытта орналасқан ластаушы көздердің бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты болып отыр», – деді ол.
Экология департаменті алдағы уақытта АМӨЗ-ге кешенді тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Тексеруге тәуелсіз сарапшылар, технологтар, экологтар және санитариялық-эпидемиологиялық сала мамандары тартылмақ. Бұған дейінгі тексеру нәтижесінде зауытқа 520 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны айтылды. Қазіргі уақытта АМӨЗ бұл шешімге сот арқылы шағымданып жатыр.
Экологтар зауыттың экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау мерзімдерін қысқартуды талап етіп отыр. Атап айтқанда, негізгі өндірістік нысандарды, соның ішінде ЭЛОУ-АВТ-6 және буландыру тоғандарын жаңғырту мерзімін 2036 жылдан 2030 жылға дейін қысқарту мәселесі көтерілген. Қазіргі уақытта АМӨЗ-ге кешенді экологиялық рұқсат беру процесі тоқтатылған. Құжаттар қарау кезеңінде.




