Алматыда дәрігерлер салмағы 2 келі ісікпен туған қызды аман алып қалды
Алматыда дәрігерлер салмағы 2 келі ісікпен туған қыз балаға күрделі ота жасап, оны аман алып қалды. Баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр.
Алматыда дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тұсындағы үлкен түзіліспен дүниеге келген қыз балаға күрделі ота жасап, оны аман алып қалды. Нәресте тамыздың 18-інде салмағы төрт келіден асатын болып туған.
Бала Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, ісік тератома болып, оның құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс сияқты әртүрлі тіндер болған. Ісіктің салмағы екі келіге жеткен, бұл нәрестенің өз салмағымен бірдей дерлік.
Бөлімше меңгерушісі Саматбек Мырзахметтің айтуынша, ота сәтті өтіп, ісікті алып тастаған соң бірден пластикалық операция жасалған. «Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірдік, болашақта бұл балаға ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр», – деді ол.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған отаны хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек және анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов жасады.
Дәрігердің түсіндіруінше, тератома нәрестенің ана құрсағында қалыптасқан. Ол жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде анықталған. Жүктіліктің 34-аптасында қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.
Алаудың анасы Аяжанның айтуынша, бұл төрт ұлдан кейін көптен күткен қызы болған. «Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда орталыққа кеңес алуға келдік. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз», – дейді ол.
Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Олардың 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.



