Флоридада жол камераларына тыйым салынды: себебі неде?
Флорида штаты жолдардағы автоматты нөмір тану камераларына тыйым салды.
Флорида штатының билігі автомобиль жолдарындағы автоматты нөмір тану жүйелеріне (ALPR) қатысты түбегейлі шешім қабылдады. Көлік департаменті (FDOT) 31 тамызда жариялаған құжатқа сәйкес, құқық қорғау органдарына бұрын берілген барлық рұқсаттар кері қайтарылып, енді мұндай құрылғыларға жаңа рұқсат берілмейді. Егер полиция 30 күн ішінде камераларды өздігінен алмаса, оларды департамент өкілдері алып тастайды.
Ведомство мұндай қадамды камералардың жолдарда «экспоненциалды түрде көбеюімен», азаматтардың дербес деректерінің құпиялылығына қатысты алаңдаушылықпен және бақылау жүйелерінің күшеюімен түсіндірді. Бұған дейін губернатор Рон Десантис те технологияның қолданылуы «бақылаудан шығып бара жатқанын» мәлімдеген еді.
Мәселеге айналған Flock Safety компаниясының камералары көлік нөмірлерін автоматты түрде тіркеп, дерекқорда сақтайды. Полиция бұл ақпаратты ұрланған көліктерді іздеу, күдіктілерді анықтау және жоғалған адамдарды табу үшін қолданады. Компания АҚШ-тың 49 штатында шамамен 120 мың камераны басқарады. Өндіруші технологияның қылмысты ашуға көмектесетінін алға тартса, сыншылар мұндай ауқымды желі азаматтардың қозғалысын толық бақылауға жол ашады деп ескертеді.
Флоридадағы шешімнен кейін бірнеше округте полиция мен шериф кеңселері одан әрі қатаң шара қолдануда. Джексонвиллдегі Дюваль округінің шерифі Ти-Кей Уотерс камераларды бүкіл округ бойынша тоқтататынын жариялады. Франклин, Либерти, Патнам және Окалуса округтерінің құқық қорғау органдары да жүйеден бас тартуда. Алайда кейбір өкілдер технологияның пайдасын мойындайды. Окалуса шерифі Эрик Аден камераларды «қылмысты ашу мен адам өмірін қорғауда құнды құрал» деп бағалап, оларды алып тастауды қоғамдық қауіпсіздікке кері әсер ететін шешім санайды.
Flock жүйесінің тағы бір кемшілігі – қате сәйкестендіру. Калифорнияның Роузвилл қаласында полиция 2023-2024 жылдары ұрланған немесе ауыр қылмысқа қатысы бар көліктер туралы 1 427 ескертуді тексерген. Соның 1 011-і, яғни 71 пайызы қате оқылған нөмірлерге қатысты болған. Алайда қызметкерлер ақпаратты қосымша тексеретіндіктен, қателердің ешқайсысы адамды тоқтатуға немесе қамауға әкелмеген.
Flock-қа қарсы наразылық Флоридамен шектелмейді. Аризонадағы Темпе қаласы тамызда 33 камераны өшіріп, келісімшартты тоқтатты. Мэр Кори Вудс жүйенің полицияға пайдалы екенін мойындағанымен, «оны теріс пайдалану қаупі тым жоғары» екенін айтты. Лос-Анджелес полициясы да шілдеде Flock-пен келісімшартты ұзартпады.
Мәселе ұлттық деңгейде талқылануда. Reuters/Ipsos сауалнамасы бойынша, америкалықтардың 47 пайызы мұндай бақылау технологияларына қарсы, 38 пайызы қолдайды. Техас губернаторы Грег Эбботт та Flock камераларын мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатты. Қылмыспен күрес тиімділігі мен жеке өмірді қорғау арасындағы тепе-теңдік АҚШ-тағы өзекті саяси мәселеге айналып отыр.




