Тоқаев жазушы Валерий Михайловты «Барыс» орденімен марапаттады
Президент Тоқаев жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Ол «Казахстанская правда» мен «Простор» журналының бас редакторы болған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиеттің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Валерий Михайлов 1946 жылы 7 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ политехникалық институтының геофизика факультетін бітірген. Еңбек жолын республикалық газеттерде бастаған.
1997 жылдан бастап «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. 2003 жылдан бері «Простор» журналының бас редакторы. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
Ол Д.Досжанов, Б.Мұқаев және басқа да қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған. «Хроника великого джута» деректі повесі (1990, 1996), бірқатар очерктер жинағы, «Прямая речь» (1983), «Весть» (1994), «Немерцающий свет» (1996), «Ограда» (1999), «Молитвенный дым» (2003), «Колыбельная из-под небес», «Молчун-трава», «Золотая дремота» (2005), «Пыльца», «Годовая свеча» (2006), «Русский хаос» (2007), «Паслён», «Тысячелетие другое», «Угол сердца» (2008) өлеңдер жинақтары жарық көрген.
Валерий Михайлов — КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1987), Поэзия академиясының корреспондент-мүшесі (Мәскеу). Оның өлеңдері «Антология русского лиризма. ХХ век» (Мәскеу, 2000), «Антология русского зарубежья» (Мәскеу, 2005), «Молитвы русских поэтов. ХІ-ХХІ вв.» (Мәскеу, 2009) сияқты антологияларға енген.
Ол Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденімен (1996) және екі медальмен марапатталған.




