Президент Қазақстан құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы табысымен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы табысымен құттықтап, спортшыларға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жоғары нәтижесімен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Президент спортшыларымыздың бұл табысқа тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын білдіріп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың ең беделді сайыстарда биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді, деп жазды Айбек Смадияров.




