Елдос Сметов 2028 жылғы Олимпиадаға қатысатынын мәлімдеді
Елдос Сметов 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысатынын мәлімдеп, спорттағы мансабын жалғастыруды ұйғарды.
2024 жылғы Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Aikyn.kz Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Спортшы төртінші Олимпиадаға бару мүмкіндігі бар екенін айтып, үлкен спорттағы мансабын жалғастыруды ұйғарғанын жеткізді. Ол қазақтың «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген мақалын еске алып, өмірінде алтын шыққан жер – спорт, оның ішінде дзюдо екенін атап өтті.
«Дзюдода мен қолданатын әдістер бар – оны бір рет болсын, екі рет болсын қолданамын. Бұл жерде алтын бар, мен оны соңына дейін алуым керек. Маған тиесілі, маған қажет алтынды алуым керек. Өйткені мен ол үшін алтыннан да қымбат дүниені беріп жатырмын. Ол – менің денсаулығым», – деді ол.




