АҚШ Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерді қайта жандандыруға тырысуда
АҚШ арнайы өкілдері Мәскеу мен Киевке барып, Украинадағы соғысты тоқтату үшін келіссөздерді қайта жандандыруға тырысуда.
АҚШ Украинадағы қақтығыс күшейген тұста Ресей мен Украина арасындағы диалогты қайта бастауға әрекет етуде. The New York Times ақпаратына сүйенсек, Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге барған. Кейін олар Киевке де баруды жоспарлап отыр.
Алдыңғы кездесулер ақпан айында Абу-Даби мен Женевада өткен еді, алайда тараптар түйінді мәселелер бойынша ортақ тіл таба алмаған. Келіссөздердегі басты кедергілер — Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері, аумақтық даулар, Батыс әскерлерінің Украинада орналасуы және Запорожье АЭС-інің тағдыры.
Аумақ мәселесінде позициялар айтарлықтай алшақ. Ресей Украина бақылауындағы Донецк облысының бөліктеріне талап қоюда. Украина болса, өз әскерін біржақты шығарудан бас тартып, ықтимал атысты тоқтату режимінің кепілдігін талап етеді.
NYT дерегінше, жаңа раундтың нәтижесі әзірге белгісіз. Киевте тіпті оң сценарийде де келіссөздер соғысты 2027 жылдың көктеміне дейін тоқтата алмайды деген пікір бар. Сонымен қатар, соңғы кездері екі жақ та әуе шабуылдарының қарқынын арттырған.




