Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Президент Вице-президент өкілеттіктерін айқындайтын жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Вице-президенттің өкілеттіктерін айқындайтын жарлыққа қол қойды.

Президент Вице-президент өкілеттіктерін айқындайтын жарлыққа қол қойды
Сурет: inform.kz

Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вице-президенттің өкілеттіктері туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

Құжат ел Конституциясының 49-бабы 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңға сәйкес қабылданды.

Жарлыққа сәйкес, Вице-президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етіп, оларды Президентке ұсынады. Сондай-ақ ол Президент тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді.

Вице-президентке халықаралық іс-шараларға қатысу, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқару, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік ету секілді өкілеттіктер жүктелді. Бұдан бөлек, ол бірқатар комиссиялар мен кеңестердің, оның ішінде мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелер, геральдика, шетелде кадрлар даярлау, ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық және жастар саясаты жөніндегі комиссиялар мен кеңестің қызметін қамтамасыз етеді.

Өкілеттіктерді іске асыру үшін Вице-президент өкім шығаруға, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдар отырыстарына қатысуға құқылы. Сондай-ақ ол қажетті ақпарат пен құжаттарды сұрата алады және Президент актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құра алады.

Вице-президент қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан Президент Әкімшілігі қамтамасыз ететіні белгіленді. Жарлыққа сәйкес, Президенттің кейбір актілеріне өзгерістер енгізіледі, ал Үкімет, Президент Әкімшілігі және Іс басқармасы құжаттан туындайтын шараларды қабылдайды.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Құжат 2026 жылғы 5 қыркүйекте Астанадағы Ақордада №1452 нөмірімен тіркелді.