Ұлттық ұлан сарбаздары қазақ тілін өнерімен дәріптеуде
Ұлттық ұлан сарбаздары Денис Яковлев пен Александр Нетесов қазақ тілін еркін меңгеріп, өнерлері арқылы мемлекеттік тілді дәріптеуде.
Ұлттық ұлан қатарында әртүрлі этнос өкілдері ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы борышын адал атқаруда. Олардың ішінде мемлекеттік тілге деген құрметін өнері мен күнделікті тұрмысы арқылы көрсетіп жүргендер аз емес.

Осындай жарқын үлгі — ефрейтор Денис Яковлев пен кіші сержант Александр Нетесов. Денис Яковлев Ұлттық ұланда 15 жылға жуық қызмет етіп келеді. Ол әскери салада тек өнерімен ғана емес, ержүректігімен де көзге түскен. 2018 жылы суға батып бара жатқан азаматты құтқарып, адам өмірін сақтап қалғаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Бұдан бөлек, ол халықаралық вокалдық байқаулардың лауреаты, «Топжарған» музыкалық тележобасының финалисі. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, қара домбырада шебер ойнайды. Үш баланың әкесі.

Ал кіші сержант Александр Нетесов құқықтық тәртіп әскеріне 2020 жылы қосылған. Қазір Ерлер хорының құрамында абыройлы қызмет етіп, ән-би ансамблінің концертмейстері ретінде шығармашылық ұжымның жұмысына, патриотизм мен елжандылықты насихаттауға үлес қосуда.
Екі әскери музыканттың да еңбегі түрлі марапаттармен аталып өткен. Олар Ішкі істер, Мәдениет және Қорғаныс министрлерінің атынан берілген төсбелгілер мен алғыс хаттарға ие.
Денис пен Александрдың қазақ тілін құрметтеп, оны еркін меңгеруі — мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіретін ортақ құндылық екенін айғақтайды. Олардың өнері, әскери жолы және тілге деген құрметі көпшілікке үлгі боларлық.




