Қазақстан TRIPP жобасына қатысуды растады
Қазақстан TRIPP жобасына қатысуға қызығушылық танытып отыр. Жоба Армения арқылы Әзербайжанды Нахчыванмен қосады.
АҚШ әзірлеген ірі халықаралық көлік-транзиттік жобаға Қазақстан қосылуы мүмкін. Бұл жоба Оңтүстік Кавказдағы геосаяси және экономикалық жағдайды өзгертуге бағытталған. Негізі 2025 жылы тамызда Вашингтонда АҚШ, Армения және Әзербайжан басшылары қол қойған үшжақты декларациямен қаланған.
Былтыр 7 қарашада Ақ үйде Трамп Орталық Азия басшыларын қабылдағанда бұл мәселе көтерілген. Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде-ақ TRIPP жобасына қолдау білдіретінін айтқан. 21 қарашада Армения премьер-министрі Никол Пашинян Астанаға келгенде де осы тақырып сөз болды.
– Біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Тоқаев.
TRIPP жобасы – Арменияның Сюник облысы арқылы өтетін 40 шақырымнан асатын дәліз. Ол Әзербайжанның негізгі аумағын Нахчыван эксклавымен қосады. 2025 жылғы тамызда Вашингтонда Трамптың арағайындығымен Әлиев пен Пашинян қол қойған келісімнің өзегі осы. Жобада автокөлік пен теміржол салу, жаңғырту, сондай-ақ мұнай-газ құбырлары мен кабель жүргізу қарастырылған.
Жобаны TRIPP Development компаниясы басқарады, оның 74%-ы америкалық тарапта. Компанияға дәліз инфрақұрылымын салудың алғашқы құқығы және оны 49 жылға, одан әрі тағы 50 жылға ұзарту мүмкіндігімен басқару құқығы берілген. Инвестиция көлемі 1 миллиард доллардан асады деп бағалануда.

Пашинян Қазақстан мен Қырғызстанға TRIPP жобасына қосылуды ұсынды. Ол TRIPP Development компаниясындағы өз үлесінен (шамамен 26%) әр елге 5%-дан беруге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Армения теміржол желілерін басқаруды Қазақстанға артқысы келеді. Бұл ресейлік компанияның басқаруынан шығып, ҚТЖ басқаруына өтуді білдіреді.
Армения теміржолы 2008 жылдан бері «Ресей темір жолдарының» еншілес компаниясы «Оңтүстік Кавказ теміржолы» ЖАҚ басқаруында. Концессия 30 жылға жасалған. Енді Армения оны 400 млн долларға кері сатып алып, басқаруды Қазақстанға ұсынуы мүмкін. Алайда РТЖ оңайлықпен бас тарта қоюы екіталай, олар өз талабын қояры анық.
АҚШ жобаның бастапқы дайындық кезеңіне 140 млн доллар бөліп қойған. Пашинян бұл тек басы екенін, инвестиция көлемі арта беретінін айтты. Жоба іске қосылса, Қазақстан үшін Ресей мен Иранды айналып өтетін тікелей құрлық жолы ашылады: Түркия – Оңтүстік Кавказ – Орталық Азия – Қытай тізбегі пайда болады. Бұл сауда қатынасына жаңа серпін береді.
Қазақстан үшін бұл жобадан ұтары көп: логистика тұрғысынан Орта дәлізге жаңа есік ашылады, геосаяси тұрғыдан АҚШ-тың аймақтағы жобасының акционері бола алады, экономикалық жағынан транзиттен табыс алады. Дегенмен акционерлер құрамын өзгертуге АҚШ-тың келісімі қажет.
Сарапшылар бұл жобаның артында темірдей есеп пен қатал геосаясат тұрғанын айтады. Жоба іске асқан жағдайда АҚШ Иран мен Ресейді айналып өтіп, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасына балама жасай алады. Зангезурдан өтетін 40 шақырым алып мемлекеттердің көзі түйіскен жерге айналмақ.




