Сәтбаев университетінде инновациялық инженерлік орталық ашылды
Сәтбаев университетінде Mechanical Prototyping & Pilot Production орталығы ашылды.
Сәтбаев университетінде инженерлік әзірлемелерді цифрлық модельден өнеркәсіптік үлгіге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін Mechanical Prototyping & Pilot Production орталығы өз жұмысын бастады.
Орталық «идеядан өнімге дейін» қағидатын ұстанады. Мұнда жобалау, дайындау және сынақ кезеңдері бір алаңда шоғырланған. Инженерлік әзірлемелер CAD/CAM-модель мен конструкторлық құжаттамадан бастап прототипке, өнеркәсіптік үлгіге және шағын сериялы өндіріске дейінгі толық циклден өтеді.

Жаңа орталық студенттер мен жас ғалымдарға тәлімгерлердің жетекшілігімен заманауи жабдықтарда жұмыс істеуге және нақты жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Оқу-өндірістік алаңдарда бір уақытта 100 адамға дейін жұмыс істей алады.
«Кейде серіктестеріміз студенттердің бұрауышты жақыннан көрмегенін айтып жатады. Мұнда олар заманауи өндірістік жабдықтармен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесін алып, машина жасау өнімдерін өз қолдарымен шығара бастайды», — деді Сәтбаев университеті Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов.

Орталықтың инфрақұрылымына металды лазермен кесу, ию, соғу, дәнекерлеу және құрастыру жабдықтары кіреді. Сондай-ақ зертханалық, ресурстық және климаттық сынақтар, созылу жүктемесіне төзімділікті тексеру мен сапаны бақылау жүргізіледі.
Алғашқы бағыттардың бірі — теміржол машина жасау. LocoSystems KZ компаниясымен бірлесіп, университет жылжымалы құрамға арналған тежегіш қалыптарын өндіру жобасын іске асыруда. Бұл импортты отандық өніммен алмастыруға және машина жасау құзыреттерін дамытуға бағытталған.

«Ғылымды, білімді, бизнесті және өндірісті бір жерде тоғыстыруға тырыстық. Осы арқылы жас ғалымдарға станоктың жанында тұрып, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бергіміз келеді», — деді LocoSystems KZ басшысы, Сәтбаев университетінің түлегі Мақсат Қанатбаев.
Орталық ғалымдардың өндірістік базасына айналады: прототиптер жасау, сынақтар жүргізу, әзірлемелерді өндіріске енгізу, инженерлік тапсырыстарды орындау және шағын сериялар шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәсіл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің инженерлік білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді.

«Жақсы инженерлік идея қысқа мерзімде жұмыс істейтін прототипке, одан кейін нақты өнімге айнала алуы керек. Ол үшін жабдық, кәсіби құзырет және студент немесе жас ғалым өз идеясын сынап, қателесіп, қайта жасап көруге мүмкіндік алатын орта қажет. Жаңа орталық дәл осындай орта қалыптастырады», — деді Сәтбаев университетінің проректоры Сапар Шалабаев.
Осылайша, орталық университет қабырғасында инженерлерді даярлау, жаңа әзірлемелер жасау және оларды тәжірибеде қолдануды бір арнаға тоғыстырады. Мұнда студенттің идеясы нақты бұйымға, ал ғылыми әзірлеме өнеркәсіпке дайын өнімге айнала алады.




