Азия ойындарына Қазақстан балуандарының құрамы жарияланды
2026 жылғы Азия ойындарына Қазақстан құрамасының балуандары анықталды. Еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 18 спортшы ел намысын қорғайды.
Біріккен күрес әлемі (UWW) Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтетін 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын балуандардың тізімін жария етті. Бұл тізімде Қазақстан құрамасының да аты бар.
Құрлықтық додада ел намысын қорғайтын спортшылардың толық құрамы белгілі болды. Еркін күресте 57 келіге дейінгі салмақта Нұрданат Айтанов, 65 келіде Начын Куулар, 74 келіде Нұрқожа Қайпанов, 86 келіде Азамат Дәулетбеков, 97 келіде Ризабек Айтмұхан, ал 125 келіде Едіге Қасымбек сынға түседі.
Грек-рим күресінен 60 келіде Ернұр Фидахметов, 67 келіде Мейіржан Шермаханбет, 77 келіде Демеу Жадыраев, 87 келіде Шамиль Ожаев, 97 келіде Ислам Евлоев және 130 келіде Олжас Сырлыбай бақ сынайды.
Әйелдер күресінде 50 келіде Зейнеп Баянова, 53 келіде Шұғыла Өмірбек, 57 келіде Нилуфар Раимова, 62 келіде Ирина Кузнецова, 68 келіде Жәмила Бақбергенова және 76 келіде Эльмира Сыздықова өнер көрсетеді.
Азия ойындарындағы күрес жарыстары 30 қыркүйекте басталады.




