Ақтауда әскери қызметшілер көпқабатты үйдегі өртті оқшаулады
Ақтауда Ұлттық ұлан сарбаздары патрульдеу кезінде көпқабатты үйдегі өртті оқшаулап, өрт сөндірушілер келгенше тілсіз жаудың таралуына жол бермеді.
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің сарбаздары қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде өртке тап болып, жедел әрі батыл әрекет етті.
Сағат 21:15 шамасында әскери жасақ 18-ші шағын ауданда патрульдеу кезінде №5 үйдің 7-ші қабатының балконынан өрт шыққанын байқаған. Жағдайды бірден бағамдап, өрттің іргелес үй-жайларға таралу қаупін түсінген олар дереу қолда бар құралдармен сөндіруге кіріскен.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Самир Хайдаров пен патрульші жауынгерлер Бақыт Ақылжан мен Төлен Жасұлан қызметтік міндеттерін орындау барысында ерекше табандылық танытқан.
Оқиға туралы кезекші қызметке дереу хабарланған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін әскери қызметшілер өрт ошағын оқшаулап, оның әрі қарай таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдаған.




