Абай облысында масаң күйде көлік тізгіндеген 370 жүргізуші ұсталды
Абай облысында жыл басынан бері масаң күйде көлік басқарған 370 жүргізуші ұсталды.
Жыл басынан бері Абай облысының полицейлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 370 адамды анықтады. Бұл туралы Aikyn.kz сайты хабарлады.
Ұсталғандар арасында жеңіл және жүк көліктерін, сондай-ақ мотоцикл мен электросамокат тізгіндегендер бар.
Абай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бауыржан Омаровтың айтуынша, жүргізушінің бір сәттік абайсыздығы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
«Масаң күйде көлік жүргізу – жауапкершілігі жоғары жүргізуші үшін мүлдем жол берілмейтін әрекет. Көлік тізгініндегі адамның бір сәттік жауапсыздығы орны толмас қайғыға әкелуі ықтимал. Сондықтан полиция қызметкерлері мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын тұрақты жүргізіп келеді», – деді Бауыржан Омаров.
Облыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және масаң күйде көлік басқару фактілерінің алдын алу шаралары үнемі жүргізілуде.




