Мадуро мен оның әйелі АҚШ-тағы есірткі айыптарын алып тастауды сұрады
Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес АҚШ-тағы есірткі айыптарын алып тастауды сұрап, иммунитетке сілтеме жасады.
Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес АҚШ-тағы соттан есірткі саудасына қатысты айыптарды жоюды өтінді. Олар шет мемлекеттің басшысы мен бірінші ханымы ретінде иммунитетке ие екендерін алға тартты.
Манхэттендегі федералдық сотқа жолданған құжаттарда Мадуроның адвокаттары судьяның айыптау қорытындысын қабылдамауға міндетті екенін, себебі шетелдік мемлекет басшысына қатысты мұндай айып тағуға болмайтынын жеткізді. Олардың сөзінше, АҚШ-тың ешбір соты өз елінде қолданыстағы басшы ретінде танылған шетелдік көшбасшыға қатысты қылмыстық істі қарамаған.
Сәрсенбі күні Флорестің адвокаттары да жеке өтініш беріп, оның мемлекеттік иммунитетке сүйеніп, АҚШ-та қылмыстық қудалаудан қорғалатынын мәлімдеді. Олар бұл Венесуэла егемендігінің бір бөлігі екенін және одан тек Венесуэланың өзі ғана бас тарта алатынын атап өтті.
Мадуроның адвокаттары, егер ол мемлекет басшысы ретіндегі иммунитетке ие болмаса да, істің тоқтатылуы тиіс деп есептейді. Олардың пікірінше, Мадуро қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты да иммунитетке ие. Сонымен қатар адвокаттар Мадуроның өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығаратынын және іс сотқа жетсе, олардың жалған екені анықталатынын жеткізді.
Мадуро мен Флорес өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Бұл іс алғаш рет алты жыл бұрын көптеген ықтимал сыбайластарға қатысты қозғалған. Егер алқабилер олардың АҚШ-қа кокаин жеткізу мақсатындағы қастандыққа қатысқанын анықтаса, екеуіне де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
Федералдық прокурорлар бұл уәждерге қатысты жауабын осы айдың соңында ұсынуы күтілуде. АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Мадуроны ұстау операциясын «құқық қорғау органдарының мінсіз жүргізген операциясы» деп атады. Ал Мадуро өзін соғыс тұтқыны деп санайтынын және ұсталуын ұрлау деп атайтынын мәлімдеді.
Прокуратураның мәліметінше, Мадуро Венесуэланың құқық қорғау органдарымен сөз байласып, есірткі барондарына көмектесе отырып, АҚШ-қа мыңдаған тонна кокаин тасымалдау жоспарын ұйымдастырған.




