Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев Лаос компанияларын АХҚО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын АХҚО жеңілдіктерін пайдалануға шақырды.

Тоқаев Лаос компанияларын АХҚО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды
Сурет: aikyn.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос бизнесін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) жеңілдіктерін тиімді қолдануға үндеді. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.

Президенттің айтуынша, АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың жаһандық алаңына айналған. Қазір онда әлемнің 90-нан астам елінен 6300-ден аса компания тіркелген. Осы платформа арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылған.

– АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады, – деді ол.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар екі елдің жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатудың, академиялық алмасу мен бірлескен кадр даярлаудың, сондай-ақ сұранысқа ие лаостық мамандарды Қазақстанда оқытудың әлеуеті зор екенін атады.

Лаос Президенті Тхонглун Сисулит Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы маңызды қадам екенін жеткізді. Ол Қазақстанды Лаосқа ұлт-азаттық күрес кезінен бері қолдау көрсетіп келе жатқан ел ретінде бағалады.

– Әлемдегі ахуал сан мәрте өзгерсе де, Қазақстан мен Лаостың қарым-қатынасы, бауырластық байланыстары және бір-біріне тілеулестігі мүлде өзгерген емес. Бүгінгі сапар екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге ықпал етеді, – деді Лаос Президенті.

Тхонглун Сисулит Қазақстанның Лаосқа мамандар даярлаудағы көмегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жүздеген лаостық азамат Қазақстанда білім алған, қазір олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте және басшылық лауазымдарда жұмыс істейді.

– Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады. Олар қазақстандықтарды Лаоста қарсы алуға да, кездескен жерде ризашылығын білдіруге де дайын екені сөзсіз, – деді Лаос Президенті.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге екі елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.