Тоқаев Лаоспен ықпалдастықты күшейту жолдарын атады
Қазақстан Президенті Лаоспен ынтымақтастықты күшейту бағыттарын атады: саяси диалог, экономика, мәдени-гуманитарлық салалар.
Астанада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос Президенті Тхонглун Сисулитке екіжақты ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын ұсынды.
Мемлекет басшысы бүгінгі кездесуде бірқатар маңызды мәселе бойынша пікір алмасқанын атап өтіп, келіссөздердің мазмұнды өткенін жеткізді. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын бірлескен мәлімдеме қабылданатынын хабарлады.
Тоқаев екіжақты саяси диалогты нығайтуға ерекше мән беретінін, осыған байланысты Сыртқы істер министрліктері арасындағы тұрақты консультациялар тетігін іске қосуға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ парламентаралық және партияаралық байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап, достық топтарын құру және делегациялардың өзара сапарларын жолға қоюды ұсынды.
Президент Қазақстан мен Лаос арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеует бар екенін айтты. Ол сауда, энергетика, цифрландыру, көлік-логистика, тау-кен өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ниет білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ол мәдениет және білім беру салаларындағы ықпалдастықты нығайтуды, академиялық алмасулар мен бірлескен зерттеулер жүргізуді ұсынды. Тоқаев Лаос Президентінің сапары екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашатынына сенім білдірді.




