Қорғаныс және Ішкі істер министрлері тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі, ал Ержан Сәденов Ішкі істер министрі болып тағайындалды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Дәурен Қосанов 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысында дүниеге келген. Ол Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін, Юрий Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын және Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын бітірген.
Әскери қызметін Үшарал истребительдік полкінде жойғыш-ұшқыш ретінде бастаған. Кейін Талдықорғандағы, Шымкенттегі авиациялық базаларда және Қарағанды авиациялық базасының штабында басшылық қызметтер атқарған.
2022-2024 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарды. 2025 жылғы 8 маусымдағы Жарлықпен Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Ішкі істер министрі болып тағайындалды. Ол 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды жоғары мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы ІІД Қылмыстық іздестіру басқармасында жедел уәкіл болып бастаған. Кейін аға жедел уәкіл, бөлім және басқарма басшысы қызметтерін атқарған. Әр жылдары Риддер және Өскемен қалалары полиция басқармаларының басшысы, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы, Маңғыстау облысы Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, ІІМ жедел департаментінің басшысы және көліктегі полиция департаментінің бастығы болған.
2022-2023 жылдары Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. 2023 жылғы қыркүйектегі Жарлықпен Ішкі істер министрі болып тағайындалған.




