«38. Соңғы нүкте» фильмі 3 қыркүйектен бастап кинотеатрларда
«38. Соңғы нүкте» фильмі 3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіледі. Табиғи апатқа тап болған орманшылардың тағдыры баяндалады.
Еліміздің кинотеатрларында 3 қыркүйектен бастап «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрсетіле бастайды. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Фильм табиғи апатқа тап болған адамдардың тағдырын баяндайды. Олар сын сағатта өз қауіпсіздігі мен кәсіби борышының бірін таңдауға мәжбүр болады.
Оқиға орманшылардың өмірі төңірегінде өрбиді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық, отбасы, кәсіби борыш және табиғатқа жанашырлық тақырыптары қозғалады. Туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына арналған.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кең прокатқа шықпас бұрын фильм Астана мен Алматы көрерменіне таныстырылған. Премьераға кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер, түсірілім тобы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Фильмнің режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сақатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сәбитов сомдаған.
Картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.




