Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Жетісудағы әскери бөлімді тексерді

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков Жетісудағы 5514 әскери бөлімін тексеріп, жеке құрамның жауынгерлік қызметі мен тұрмысын бағалады.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Жетісудағы әскери бөлімді тексерді

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Жетісу облысының орталығындағы 5514 әскери бөліміне арнайы сапармен келді. Бұл бөлім қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін атқарады.

Сапар барысында Бас қолбасшы ең алдымен жаңадан салынатын әскери қалашықтың жобасымен танысты. Содан кейін 1 және 2-батальондарды, сондай-ақ 3-жедел мақсаттағы ротаны аралап, жеке құрамның жауынгерлік қызметі мен күнделікті тұрмысын көрді. Бұл бөлімнің сарбаздары күн сайын қала көшелерінде жауынгерлік қызмет атқарады, бұл қырағылықты, жоғары дайындықты және жауапкершілікті талап етеді.

Аңсаған Скендерұлы сарбаздардың тұрғын үй-жайларын, асханаларын, оқу және дайындық сыныптарын тексерді. Әскери техникаларға арналған парктың жұмысы да назардан тыс қалмады.

Сонымен қатар ол әскери бөлімнің кинология бөлімшесі мен «Бүркіт» арнайы жасағының қызметімен де танысты. Арнайы бөлімшелердің жауынгерлік даярлығына, қызметтік иттерді дайындау барысына және жеке құрамның кәсіби шеберлігіне назар аударды. Әскери қызметшілер өздерінің күнделікті қызметі мен жауынгерлік міндеттерді орындау барысы туралы баяндады.

Бөлімдегі жағдаймен танысқан Бас қолбасшы жеке құрамның қызмет өткеруіне қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталып, бөлім басшылығына бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде әскери қызметшілердің тұрмысы мен қызмет жағдайын одан әрі жақсартудың жаңа бағыттарын қарастыру міндеті қойылды.