Қазақстанда барлық ауруханаға міндетті инфекциялық аудит енгізіледі
Қазақстанда барлық медициналық ұйымдар үшін міндетті ішкі инфекциялық аудит енгізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі меншік нысанына қарамастан, еліміздегі барлық медициналық ұйымдар үшін міндетті ішкі инфекциялық аудит енгізуді жоспарлап отыр. Ведомство ауруханалардағы бақылауды күшейтуге және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұйрық жобасын әзірледі.
Мұндай қадамға алаңдатарлық статистика себеп болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде әрбір оныншы пациент медициналық көмек алу кезінде инфекция жұқтырады. Қазақстанда да жағдай күрделеніп отыр: 2025 жылы ауруханаішілік инфекцияларды тіркеу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есе өскен. Іріңді-септикалық асқынулар көбіне босандыру ұйымдарында тіркеледі.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ішкі инфекциялық аудит енді медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесінің міндетті бөлігіне айналады. Оның басты міндеті – салдармен күресу емес, қауіптің алдын алу: заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау, олардың туындау себептерін жою және инфекцияның қайталануына жол бермеу.
Ішкі аудит аясында медициналық мекемелер қызметкерлердің қол гигиенасын сақтауын, құралдарды зарарсыздандыру сапасын, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануын, хирургиялық процедуралардың қауіпсіздігін және қалдықтарды жою тәртібін жүйелі түрде бақылайды.
Дәрі-дәрмекке төзімді микроорганизмдермен күреске ерекше назар аударылады. Егер комиссия заңбұзушылықтарды анықтаса, клиника үшін нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген түзету шараларының жоспары әзірленеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелер инфекция жұқтыру қаупін азайтуға, ауруханада жату мерзімін қысқартуға және қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.




