Бішкектегі ШЫҰ саммитінің басты қорытындылары жарияланды
Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев Бішкектегі ШЫҰ саммитінің қорытындыларын жариялады: Бішкек декларациясы, Жарғыға өзгерістер, қауіпсіздік…
Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитінің негізгі нәтижелерін атап өтті.
Оның айтуынша, саммиттің басты саяси құжаты ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы болды. Бұл құжатта ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымдары бекітілген. Сондай-ақ декларацияда ШЫҰ қызметінің негізгі қағидаттары расталып, ұйымды одан әрі дамыту бағыттары айқындалған.
Қырғызстанның төрағалығы кезіндегі маңызды жетістіктердің бірі – ШЫҰ-ның институционалдық реформасын ілгерілету болды. Мемлекеттер басшылары ШЫҰ Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл өзгерістер мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын неғұрлым тиімді, тұрақты әрі икемді модельге көшіруге құқықтық негіз жасайды.
Саммитте қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға қатысты да шешімдер қабылданды. 2025 жылы Тяньцзиньде жасалған келісімдерді іске асыру үшін Ташкенттегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталықтың және Душанбедегі Есірткіге қарсы күрес орталығының қызметін реттейтін ережелер бекітілді.
Қырғызстан үшін Бішкекте Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл орталығын іс жүзінде іске қосу ерекше маңызды. Ол Әмбебап орталықтың құрылымдық бөлімшесі ретінде жұмыс істейді. Қырғыз тарапы оның толыққанды қызметін бастау үшін қажетті инфрақұрылымды дайындауды аяқтаған.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Мемлекеттер басшылары өнеркәсіптік кооперацияны, көлік байланысын, заманауи логистикалық тізбектерді және цифрлық шешімдерді дамытуға мүдделілік білдірді. ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі жұмыс құпталып, тиісті құрылтай құжатына қол қою үшін консультацияларды қысқа мерзімде аяқтау туралы уағдаластық расталды. Мұндай қаржы институты ірі инфрақұрылымдық, көлік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттары бойынша құжаттар қабылданды. Олар климаттың өзгеруімен күрес, жасанды интеллектіні дамыту, порттар мен логистикалық орталықтар құру, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, синтетикалық есірткілер мен олардың прекурсорларының таралуына қарсы іс-қимыл, энергетикалық жүйелерді дамыту, төтенше жағдайлардан зардап шеккен мемлекеттерге көмек көрсету, отбасы институтын қолдау және нығайту мәселелерін қамтиды.
1 қыркүйекте Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысы өткенін еске салайық. Саммит қорытындысы бойынша ұйымға төрағалық 2026–2027 жылдарға Қырғызстаннан Пәкістанға өтті. Лахор қаласы ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның негізгі қағидаттарын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітуді ұсынды.




