Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қазақстанда барлық емхана мен ауруханаға міндетті инфекциялық аудит енгізіледі

Қазақстанда барлық медициналық ұйымдарға міндетті ішкі инфекциялық аудит енгізіледі.

Қазақстанда барлық емхана мен ауруханаға міндетті инфекциялық аудит енгізіледі
Сурет: baq.kz

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі барлық медициналық ұйымдарға, меншік нысанына қарамастан, ішкі инфекциялық аудит жүргізуді міндеттейді. Ведомство ауруханалардағы бақылауды күшейтіп, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұйрық жобасын дайындады.

Мұндай шешімге алаңдатарлық статистика түрткі болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемде әрбір оныншы пациент медициналық көмек алу кезінде инфекция жұқтырады. Қазақстанда да жағдай күрделеніп отыр: 2025 жылы ауруханаішілік инфекцияларды тіркеу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есе өскен. Іріңді-септикалық асқынулар көбіне босандыру ұйымдарында тіркеледі.

Енді ішкі инфекциялық аудит медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесінің міндетті бөлігіне айналады. Министрліктің баспасөз қызметі атап өткендей, оның басты міндеті – салдармен күресу емес, қауіптің алдын алу: заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау, олардың туындау себептерін жою және инфекцияның қайталануына жол бермеу.

Ішкі аудит аясында медициналық мекемелер қызметкерлердің қол гигиенасын сақтауын, құралдарды зарарсыздандыру сапасын, жеке қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануын, хирургиялық процедуралардың қауіпсіздігін және қалдықтарды жою тәртібін жүйелі түрде бақылайды.

Дәрі-дәрмекке төзімді микроорганизмдермен күреске ерекше назар аударылады. Егер комиссия заңбұзушылықтарды анықтаса, клиника үшін нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген түзету шараларының жоспары әзірленеді.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа ережелер инфекция жұқтыру қаупін азайтуға, ауруханада жату мерзімін қысқартуға және қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.