Астанада әскери қызметші қызметтік итімен жоғалған қызды тапты
Астанада Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қызметтік итімен жоғалған қызды тауып, отбасына қайтарды. Бұл оның алғашқы көмек көрсетуі емес.
Астанада Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қызметтік итінің көмегімен жоғалып кеткен баланы тауып, отбасына қайтарды. 30 тамыз күні кешке Сәтбаев көшесінде аутизм диагнозы бар қыз бала үйден шығып, із-түзсіз жоғалған.
Баланың жоғалғаны туралы хабарлама бірнеше сағаттан кейін тараған. Іздестіру жұмыстарына 5573 әскери бөлімінің кинологиялық тобының аға маман-нұсқаушысы ефрейтор Достық Жақсылық та қосылды. Ол өзінің Хайзи есімді қызметтік итін жұмылдырды.
Ит қыздың соңғы болған жерінен із алып, шамамен бір шақырым жерден тапқан. Қыз анасына аман-есен табысталды.
Бұл ефрейтор Достық Жақсылықтың адамдарға көмектескен алғашқы жағдайы емес. 2024 жылы ол қызметтен шығып, үйіне қайтып бара жатқанда, «Сарқырама» көпірінде қоршаудың сыртында тұрған адамды байқаған. Ол ақырын жақындап, адаммен сөйлесіп, оны тыныштандыруға тырысқан. Сол сәтте кездейсоқ өтіп бара жатқан адаммен бірлесіп, ер адамды қоршау ішіне қайтарып алған.
– Мұндай сәттерде ұзақ ойлануға уақыт жоқ, жылдам әрекет ету керек. Егер жақын жерде көмекке мұқтаж адам болса, бей-жай қалмау керек, – дейді ефрейтор Жақсылық.
Қазіргі уақытта елордалық бригадада әскери қызметшілермен бірге 30-дан астам қызметтік ит қызмет атқарады. Оларды дайындау үшін күнделікті жаттығулар, физикалық төзімділік және кинологтың төрт аяқты серіктесімен үнемі өзара әрекеттесуі маңызды. Астанадағы бұл оқиға мұндай үйлесімді жұмыстың адам іздеуде қаншалықты маңызды екенін көрсетті.




