«Әділет» депутаттары Білім күнінде мектептерге барды
«Әділет» партиясының депутаттары Білім күнінде елорда мен Ақмола облысының мектептерінде оқушылармен кездесіп, білім саласын дамыту мәселелерін талқылады.
«Әділет» партиясынан сайланған Құрылтай депутаттары 2026-2027 оқу жылының басталуына орай салтанатты жиындарға қатысты. Елорда мен Ақмола облысының мектептерінде партияның 50-ге жуық өкілі оқушылармен, ата-аналармен және ұстаздармен кездесіп, барша қауымды Білім күнімен құттықтады. Кездесулер барысында мектептегі білім беруді дамыту мәселелері де талқыланды.

«Әділет» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Лаура Қарабасова Астананың Алматы ауданындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейіне барды. Ол Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру мен оқушыларды қолдауға ерекше мән беретінін атап өтті. Соңғы бес жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200-ден астам заманауи мектеп салынған. Сондай-ақ халықаралық мектеп олимпиадаларының жүлдегерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы тағайындалған.

Лаура Қарабасова оқушыларға Президенттің халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесуде айтқан сөзін жеткізді: «Қазақстанның жарқын болашағы білімді, жан-жақты әрі талантты жастардың қолында». Ол бұл сөздердің әр оқушыға тікелей қатысы барын, технология мен жасанды интеллект күнделікті өмірге еніп жатқан заманда адамды ешқашан алмастыра алмайтынын айтты. Депутат оларды сауатты қолдануды үйреніп, гуманитарлық және инженерлік-техникалық бағыттарды қатар меңгеруге шақырды.

Депутат ұстаздардың қоғамды дамытудағы және жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, педагогтерді қолдау және олардың мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді.
Ақмола облысында депутаттар Юлия Кучинская мен Амантай Жарқынбек Целиноград ауданындағы Қаражар ауылының мектеп-лицейіне барып, физика, химия, еңбекке баулу, робототехника және жасанды интеллект кабинеттерінің жабдықталуын тексерді. Ал Ерқанат Мұсылманбек пен Айнагүл Балташева Қосшы қаласындағы №2 мектеп-гимназияға барды.
Депутаттар білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Оқыту сапасын арттыру мен мектеп инфрақұрылымын дамыту «Әділет» партиясының бағдарламасында маңызды орын алады. 2031 жылға дейін кемінде 300 мың жаңа оқу орнын ашу, 60 бейінді мектеп құру және тірек мектептер желісін дамыту жоспарланған. Бұл бастамаларды жүзеге асыру, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту және педагогтерді қолдау шаралары Құрылтайдағы «Әділет» фракциясы депутаттарының назарында болады.




