Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде қауіпсіздік, сауда, көлік және технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ұсынды
Сурет: aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қырғызстанға сапары барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысына қатысып, онда бірқатар маңызды бастамаларды көтерді. Президент алдымен қонақжайлық үшін қырғыз әріптесі Садыр Жапаровқа алғыс білдіріп, туыс елдердің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады.

– Кездесуіміз бізге туыс елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу күндерімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, әріптестерім – құрметті Садыр Нургожоевич Жапаров пен қадірлі Шавкат Миромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құттықтаймын. Бауырлас халықтарға бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Сурет: aikyn.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның даму жолындағы жетістіктеріне тоқталып, ұйымның «Шанхай бестігінен» Еуразияның жартысын қамтитын ірі құрылымға айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, ШЫҰ әскери-саяси блок емес, «Шанхай рухына» негізделген бірегей бірлестік.

– ШЫҰ – әртүрлі, бірақ рухы бір елдердің бірегей бірлестігі ретінде ішкі мәселеге араласпау, егемендікті құрметтеу, өзара сенім, ашықтық пен ынтымақтастық қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ықпалды әрі сұранысқа ие халықаралық құрылымға айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Сурет: aikyn.kz

Президент Қырғызстанның төрағалығын жоғары бағалап, отырыс қорытындысы ШЫҰ-ның беделін арттыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол ұйым алдында тұрған басты бағыттарды атады: қауіпсіздікті нығайту, сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту және технологиялық серпіліс.

Қауіпсіздік саласында Қазақстан Еуразиядағы стратегиялық тұрақтылық конференциясын өткізуді, сондай-ақ терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күресті жалғастыруды ұсынды. Президент ШЫҰ-ның Сын-қатерлер орталығы мен Есірткіге қарсы орталығының жұмысын қолдайтынын жеткізді.

Сурет: aikyn.kz

Сауда-инвестициялық әріптестікке келер болсақ, Мемлекет басшысы өзара тауар айналымы триллион долларға жеткенін айтып, оны одан әрі арттыру үшін индустриялық консорциумдар құруды және трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуды ұсынды. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын қолдап, оның штаб-пәтерін өз елінде орналастыруға дайын екенін білдірді.

Көлік саласында Президент «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий бағдарымен ұштастыруды, сондай-ақ ШЫҰ-ның Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құруды ұсынды. Ол 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеуді де қажет деп санайды.

Сурет: aikyn.kz

Технологиялық даму бағытында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді, оның ішінде ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Ол Қазақстанның Дүниежүзілік жасанды интеллект ұйымының (WAICO) негізін қалаушылардың бірі болғанын еске салды.

Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ны реформалау мәселесін көтеріп, бұл жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды. Жиын соңында Қазақстанның ұйым аясындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді.

Саммитте Қырғызстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары да сөз сөйледі.