Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ата-аналар: бүгінгі мектеп пен бала күніміздің айырмашылығы зор

Ата-аналар балаларының 1-сыныпқа баруына орай өздерінің мектеп кезін еске алып, бүгінгі білім ордаларымен салыстырды.

Ата-аналар: бүгінгі мектеп пен бала күніміздің айырмашылығы зор
Сурет: aikyn.kz

Мемлекет басшысы балалардың мектепке ынтамен барып, оны білім алатын, достарымен араласатын, балалық шағының жарқын кезеңдерін өткізетін орны ретінде қабылдауы керектігін айтқан болатын. Осы орайда биыл балалары 1-сыныпқа барған ата-аналар өздерінің мектептегі бала күнін еске алып, бүгінгі білім ордасымен салыстырды.

Сурет: aikyn.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Писаревка ауылының тұрғыны Марина Малгаждарованың айтуынша, оның екінші баласы Адель биыл 1-сыныпқа барады. Кішкентай ауылда бір ғана мектеп бар, бірақ ол қажетті құрал-жабдықпен және білікті ұстаздармен толық қамтылған. «Бүгінгі оқушыларға барлық жағдай жасалған. Мектепте жаңа технологиялармен қатар жасанды интеллект те енгізілуде. Дегенмен мен 1-сыныпқа 7 жасымда барып, қыста 8-ге толғанмын. Естияр бала сабақты тез қабылдайды. Ал қазір балаларды екі жас ерте береміз, сондықтан «сабағын алып кете ме?» деп уайымдаймыз», – дейді ол.

Сурет: aikyn.kz

Марина Малгаждарова 2001 жылы мектепке барғанын еске алып, сол кездегі салтанатты жиындардың ерекшелігін айтты. «1 қыркүйекте көше ақ бантик байлаған, гүл ұстаған балаларға толып, ауыл жанданатын. Алғашқы қоңырауды 11-сынып оқушысы 1-сынып оқушысымен бірге соғатын, бұл әр оқушының арманы еді. Қазір ондай дәстүрдің бар-жоғын білмеймін, гүлге толы көшені де көрмейміз», – деді ол.

Сурет: aikyn.kz

Ол сондай-ақ мектепте пленкадан ертегі көретін құрылғы болғанын, қазір балалардың өздері фильм түсіре алатынын айтып, уақыт өзгергенін жеткізді. «Қазір заман да, білім де, талап та басқа. Оқушылардың жүктемесі көбейді, бірақ білікті мұғалімдердің арқасында бұл қиындықты еңсереміз деп сенемін. Олар әр баламен жеке жұмыс істеп, тілін табады», – дейді Марина.

Сурет: aikyn.kz

Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғыны Жансая Базарбай ұлы Бекнарды биыл 1-сыныпқа берді. Ол «Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде» Stem кабинет, телестудия, цифрлық технологиялар бар екенін айтты. «Мұнда сапалы білімге қажетті жағдай жасалған, білікті де тәжірибелі мұғалімдер жұмыс істейді. Әсіресе, Әсем әпкеге түскеніме ризамын», – дейді Жансая. Ол ұлының әскери қызметкер болғанын қалайтынын, бірақ таңдауын қолдайтынын жеткізді.

Жансая Базарбайдың өзі 2005 жылы мектеп табалдырығын аттаған. «Біздің кездегі мектеп заманына сай болды, қазіргідей озық технология болмаса да, ұстаздарымыз білікті еді. Олар бізге білімге деген құштарлықты оятты», – дейді ол.

Алматылық Жадыра Ескендірқызы қос қызын үйінің жанындағы №23 мектеп-гимназиясына берген. Ол 1991 жылы Үржар ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте оқығанын еске алып, «Бір қабатты ескі ғимарат еді, компьютер класы болмаған, терезелері пластик емес еді. Бірақ мұғалімдеріміз білікті болды», – дейді. Қазіргі мектептердің заманауи жабдықталғанын айтып, «Біздің кезде мұғалімнің қас-қабағына қарап өстік, ал қазір баланың тілін табатын ұстаз іздейміз. Мемлекеттік мектептерде сыныпта бала саны көп, осы мәселені шешсе, жақсы болар еді», – деді.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғыны Айдана Байғабылова екі қызын да «Күйкен мектебіне» берген. Ол қызы Айпараның мектепке барғалы сабаққа деген қызығушылығы артқанын айтты. «Бұрын балабақшаға бармаймын деп кикілік салатын, енді мектепке қуана барады. Ұстаздарының қолдауымен оқу жылын жақсы аяқтады», – дейді Айдана. Ол қазіргі мектептердің интерактивті тақталармен, мультимедиалық құралдармен жабдықталғанын айтып, балаларына өзінің мектеп кезіндегі қиындықтарды айтқанда, олар сенбейтінін жеткізді.

Мемлекет басшысы соңғы бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылғанын айтқан болатын. Ата-аналардың пікірінше, уақыт өзгергенімен, баланың білімге деген алғашқы қадамының маңызы ешқашан кемімейді. Кеше өздері отырған мектеп партасына бүгін балаларының отыруы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.