Димаш Құдайберген 700 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, кеншілерді құттықтады
Димаш Құдайберген Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтаға 700 метр тереңдікке түсіп, кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
29 тамызда Қарағандыда Кеншілер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертке 250 мыңға жуық адам жиналды. Іс-шараның хедлайнері, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген концерттен кейін Qarmet компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтаға аттанды.

Әншіні жер астынан қарсы алған — танымал қазақстандық кәсіпкер, «Qarmet» АҚ және Allur компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.

Димаш шахтаға 700 метр тереңдікке түсіп, кеншілердің еңбек жағдайымен танысты. Оған шахтаның жұмыс барысы, сондай-ақ жер астындағы жұмысшылардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін заманауи қауіпсіздік және позициялау жүйелері көрсетілді.

Өнер иесі Instagram парақшасында кеншілермен жүзбе-жүз кездескеніне қуанышты екенін білдіріп, олардың ерен еңбегіне шынайы құрмет пен алғысын жеткізді. Ол кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, шахталарда жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Бұл мамандық иелеріне деген құрметім шексіз. Сіздердің еңбектеріңіз айрықша құрметке лайық! Кеншілер күні құтты болсын! Мықты денсаулық, бақ-береке және қауіпсіз еңбек ауысымдарын тілеймін! Qarmet-ке мың алғыс!» — деп жазды Димаш.




