Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +10° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Тоқаев пен Путин ШЫҰ саммитінде кездесті

ШЫҰ саммитінде Тоқаев пен Путин кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Ресей президенті Қазақстан басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Тоқаев пен Путин ШЫҰ саммитінде кездесті
Сурет: aikyn.kz

ШЫҰ мерейтойлық саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастықтың қарқынды сипат алғанын атап өтті.

Владимир Путин Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарының кеңінен қолдау тапқанын растайды.

Қазақстан Президенті құттықтауы үшін Ресей басшысына алғыс білдіріп, конституциялық реформа аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

Сурет: aikyn.kz

– Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын жоғары бағалады.

– Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері ойдағыдай болды. Биыл да өсім байқалады. Көптеген мәселе бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Күн тәртібінде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істеуде. Өзара уағдаластықтарды бұлжытпай орындағаны үшін оларға алғыс айтуымыз керек. Әсіресе, гуманитарлық саладағы байланыстарымыздың жандана түскені қуантады. Қазақстандық 60 мың студент Ресей жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жуырда ғана Омбы қаласында Қазақстанның маңдайалды оқу орнының филиалы ашылды. Яғни барлық мәселе бойынша өзара түсіністік орнаған. Бүгін осы тақырыпты егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік туып отыр, – деді Ресей Президенті.

Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективасын, сондай-ақ өзара мүддеге сай келетін салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.