Көкшетаудағы әскери бөлім балаларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын табыстады
Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімі «Мектепке жол» акциясы аясында әскери қызметшілердің балаларына мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын табыстады.
Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде жаңа оқу жылы қарсаңында әскери қызметшілердің балаларына арналған игі шара өтті.
Әскери бөлім ұжымы «Мектепке жол» республикалық акциясын қолдап, әскери қызметшілердің мектеп жасындағы балаларына оқу жылын сәтті бастау үшін қажетті мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын сыйға тартты.
Жаңа сөмкелер мен оқу жабдықтарын алған балалардың қуанышы шексіз болды. Оқу құралдары әр баланың мектептегі күнделікті қажеттіліктері ескеріле отырып таңдалды.
Іс-шара барысында әскери бөлім басшылығы отбасы құндылықтарына, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына және балаларға көрсетілетін қолдауға ерекше мән берді.
– Жаңа оқу жылы – әр бала үшін ерекше кезең. Балалардың мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етіліп, қуанышты көңіл-күймен баруы біз үшін маңызды. Әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету – әскери бөлім ұжымының басты назарындағы бағыттардың бірі, – деді әскери бөлім өкілі.
«Мектепке жол» акциясы аясындағы мұндай игі бастамалар қоғамда өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. 5510 әскери бөлімінің бұл шарасы әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілген қолдаудың бір көрінісі болды.




