Исландия ЕО-ға кіру келіссөздерін қайта бастау туралы референдум өткізді
Исландияда ЕО-ға кіру келіссөздерін қайта бастау туралы референдум өтті. Алдын ала нәтиже бойынша 51,2% қолдап, 48,8% қарсы дауыс берді.
Исландияда Еуропалық одаққа (ЕО) қосылу келіссөздерін қайта бастау мәселесі бойынша референдум өтті. Алдын ала деректерге сүйенсек, алғашқы 87 мың бюллетеньнің қорытындысы бойынша сайлаушылардың 51,2 пайызы ЕО-мен келіссөздерді қайта жандандыруды қолдаса, 48,8 пайызы қарсы шыққан.
Елде дауыс беруге құқығы бар шамамен 270 мың адам тіркелген. Дауыс беру 2026 жылғы 29 тамызда аяқталды. Нақты қорытынды жексенбі күні түске таман жариялануы күтілді. Алайда шалғай елді мекендерден бюллетеньдерді ұшақ, қайық және автокөлік арқылы жеткізу қажеттілігі дауыстарды санауды қиындатып отыр.
Референдумда «иә» деген нәтиже Исландияның автоматты түрде ЕО-ға кіретінін білдірмейді. Бұл тек үкіметке Брюссельмен мүшелік туралы келіссөздерді қайта бастауға мүмкіндік береді. Егер кейін тараптар мүшелік шарттары бойынша келіссе, Исландия халқы бұл мәселе бойынша екінші рет референдумда дауыс береді.
Исландия ЕО-ға қосылуға алғаш рет 2009 жылы, ауыр қаржылық дағдарыстан кейін өтініш берген. Алайда келіссөздер 2013 жылы еуроскептикалық үкімет билікке келгеннен кейін тоқтатылған еді.
ЕО-мен жақындасуды қолдайтындар бұл қадам елдегі жоғары пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге және экономикалық әрі саяси қауіпсіздікті күшейтуге көмектеседі деп есептейді. Ал қарсы тарап Исландияның егемендігінің бір бөлігін жоғалтуы және ЕО ережелерінің ел үшін аса маңызды балық шаруашылығына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.




