Альпі мұздықтарының опырылу қаупі артып келеді
Непалдағы мұздық апатынан кейін ғалымдар Альпі тауларында да осындай қауіптің артып отырғанын ескертті. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Альфред Вегенер атындағы Полярлық және теңіз зерттеулері институтының гляциологы Олаф Эйзеннің сөзінше, Альпіде мұздықтардың опырылуы мүмкін, бірақ олардың ауқымы Непалдағыдай болуы екіталай.
Мысал ретінде ол 2025 жылғы мамырда Швейцарияның Блаттен ауылында болған мұздық опырылуын келтірді. Қауіп алдын ала болжанғандықтан, тұрғындар эвакуацияланғанымен, бір адам қаза тапты. Ал Непалдағы апат кезінде құлаған мұз көлемі Блаттендегіден шамамен 10-20 есе көп болған.
«Еуропа – климаттың антропогендік өзгеруіне байланысты ең жылдам жылынатын құрлықтардың бірі. Мұздықтардың тез шегінуі мен мәңгі тоңның еруі биік тауларды тұрақсыз етеді», – деді Эйзен.
Қауіп әсіресе Франция, Италия, Австрия және Швейцариядағы 2500-3000 метр биіктіктегі таулы аймақтарға қатысты. Аптап ыстық пен нөсер жауын сияқты экстремалды ауа райы мұздықтардың опырылу ықтималдығын одан әрі арттыруы мүмкін.
Швейцарияда 1850 жылдан бері шамамен 1000 мұздық жоғалған, бүгінде елде 1300-дей мұздық қалған. Ал 2000-2024 жылдары Швейцария мұздықтары жалпы мұз көлемінің 38%-ын жоғалтқан.
Ғалымдардың түсіндіруінше, температураның көтерілуінен мәңгі тоң мен мұздықтың табаны ериді. Соның салдарынан мұз массасының тау жыныстарымен байланысы әлсіреп, опырылу қаупі артады. Мұндай жағдай 2022 жылы Италиядағы Мармолада мұздығында болып, 11 альпинист қаза тапқан.
Эйзеннің пікірінше, мұздықтарды сақтаудың ең тиімді жолы – климаттың жылынуын тежеу. Ал механикалық қорғаныс шаралары тек жекелеген аумақтарда қысқа мерзімді нәтиже береді.




